Цвет сайта

A

a

25.01.2019

ЖАСТАР - ЕЛ ЕРТЕҢІ

2019 жыл – жастар жылы! Бұл туралы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жариялады. «Жастардың барлық санатын қолдауға арналған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек. Келесі жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынамын» - деген болатын. Әрине, бұған дейін де мемлекет жастардың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды бір сәтке де тоқтатқан емес.

Мемлекет басшысы сан түрлі тапсырмалар беріп, жастар саясатын жетілдіруді қолға алуда. Ең басты мәселе – жастарды жұмыспен қамту еді. Әрине, нәтиже жеміссіз емес. Дәлел ретінде «Дипломмен ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020», «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» сынды бағдарламаларды айтуға болады. Бұған қоса, былтырдан бері әрбір отбасына баспана алуға мүмкіндік берген «7-20-25» атты жаңа тиімді бағдарлама да жүзеге асқан. Болашақ бұлыңғыр емес, керісінше келешектің кемел болуы жастарға тікелей байланысты болғандықтан, Елбасы жастардың біліміне үлкен көңіл бөледі. Яғни, жан-жақты дамыған, бәсекеге қабілетті, кәсіби шеберлігі жоғары мамандар қажет. Әлбетте, мұның сара жолы – заманға сай білім алып, жоғары сұранысқа қажетті мамандықты меңгеру.

Жуырда «Нұр әлем» көрме кешенінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Жастар жылының ашылу рәсімі өтті. Рәсімге келген жастардың арасында әнші Димаш Құдайберген, бүркітші Айшолпан Нұрғайыпқызы, шахматшы Жансая Әбдімәлік, актер Асылхан Төлепов сынды елімізді әлемге танытып жүрген жастар бар.

Шынымен де, жастық шақ – ізденістің бастауы! Тау қопарарлық күшіне, адал ісіне сенеді. Дәл сол сәтте жас буын оқу, үйрену, еңбек ету сынды қасиеттерді меңгереді. Енді міне, қоғамның қозғаушы күші саналатын креативті пікірге ие жастарды жан-жақты қолдаудың арнайы жылы белгіленді. Алда әлі талай ауқымды істер күтіп тұр. Десе де, ел жастарына қолдау көрсету ежелден қалыптасқан дәстүр. Жастар және отбасы жөніндегі комитеті, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы, жастар форумы т.б іс-шаралар сөзімізге толық дәлел.

Бұл ретте, Қазақстан Президенті заман талабына сай келетін сапалы білім берудің маңыздылығын да қалыс қалдырмады. «Жас ұрпаққа қамқорлық, оның қазіргі өмірі мен болашағы үшін қам жеу қашанда менің саясатымның басты мағынасы болған. Әрбір жас қазақстандықтың жақсы білім алатын, отбасын құратын, жеке тұрғын пәтерге ие болатын мүмкіндігі бар» деген Елбасының пәтуалы пікірі қазір шындыққа айналды.

Қорыта айтқанда, мемлекеттік жастар саясаты ел дамуының басым бағыты болып келген және бола бермек. Бүгінгі жастардың біліктілігі мен белсенділігі – ел ертеңіне деген сенімді ұялатады. Жігерлі жастардың жасампаз жоспарлары – болашақтың іргетасын бірге қалауға, бекемдеуге баулиды.

 

Маралбек АМАНТАЕВ,

Қаратөбе аудандық жастар ресурстық орталығы жетекші маманы