Цвет сайта

A

a

15.06.2020

БҚО-ДА КОРОНАВИРУС ИНФЕКЦИЯСЫНЫҢ ЖАЛПЫ 967 ЖАҒДАЙЫ ТІРКЕЛГЕН: 56%-Ы НАУҚАСТАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТАН АНЫҚТАЛҒАНДАР

Бұл туралы БҚО бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қала тұрғындарының санитарлық нормаларды сақтамауы індеттің таралуына әкеліп отыр.
«Батыс Қазақстан облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз. 15 маусымдағы жағдай бойынша облысымызда коронавирус инфекциясының 967 жағдайы тіркелген, оның 543 жағдайы - қарым-қатынастан анықталғандар.  Бұл тұрғындардың санитарлық талаптарды әлі де толық орындамайтындығын көрсетеді»,- деді Мұхамғали Қайыржанұлы.
Естеріңізге сала кетейік, облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 13 маусымдағы қаулысына сәйкес өңірде бірқатар шектеу шаралары енгізілді.
«Қаулыға сәйкес банкеттер, үйлену тойлары, мерейтойлар, отбасылық және өзге де адамдар көп жиналатын іс-шаралар өткізуге тыйым салынады. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор ұйымдары қызметкерлерінің 80%-ын қашықтықтан жұмыс жасауға жіберіп, жиналыстарды, кеңестерді онлайн өткізу қажет. ХҚКО онлайн режимде қызмет көрсетеді, ал онлайн режимде көрсетілуі мүмкін емес қызметтерді алдын-ала жазылу арқылы алуға болады»,-деп түсіндірді Мұхамғали Арыспаев.