Цвет сайта

A

a

24.01.2019

ҰЛЫ ДАЛА ЕЛІН ДАМЫТУ ЖОЛЫНДА ӘРҚАЙСЫМЫЗ АЯНБАЙ ТЕР ТӨГЕЙІК!

Он үш – бір мүшел жас. Бабаларымыз «он үште отау иесі» деп бекер айтпаса керек. Осы жасында-ақ оң-солын танып, ақыл-ойы жетіліп, керек десеңіз қол бастайтын да, сөз бастайтын да қабілеттерімен көзге түсті емес пе? «Біз, қазақ, ежелден мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз», деп, қалың қазақтың атынан сөз алып, қалмақ қонтайшысын қайран қалдырған Қазыбек би сол уақытта он төрт жаста еді. Үш жүздің басын қосқан Абылай хан да жастайынан ерлігімен танылды. Сөйтіп, «Білекке сенген заманда, ешкімге есе бермедік, білімге сенген заманда, қапы қалып жүрмелік», деп, бізге, кейінгі ұрпағына ұлағат айтып, өсиет қалдырып кетті. Ал, бүгінгідей бой емес, ой жарыстыратын заманда да қатарынан озып туған отты жастар аз емес. Елордада өткен Жастар жылының ресми ашылу салтанатында сөз алған Абзал Мырзаштың жасы он үште екен. Компьютердің пернетақтасын қазақ-латын әліпбиіне икемдеп шығарған ол бүгінде қазақ-британ университетінде оқитынын естіп, он үштегі студенттің ғылым мен білім бәсекесіндегі ұмтылысына ерекше сүйсіндім. Азаттығымыздың айғағы, тәуелсіздігіміздің жемісі осындай болса керек деп ой түйдім. Алуан салада ауыз толтырып айтарлық жетістіктері бар басқа да замандастарымның сөздерін зор ықыласпен тыңдап, ұтымды ұсыныстарына риза болдым.

Жасыратыны жоқ, бәрінен бұрын, Елбасы не айтар екен деп елеңдеп отырдым. Бірінші кезекте баспана жайы сөз болды. Екіншіден, жұмыссыздық жайы айтылды. Бұл орайда Президент ұстанып отырған саясаттың жақтаушысымын. Қазіргі таңда мемлекет тарапынан азаматтардың еңбекпен қамтылуы үшін не керектің бәрі жасалып жатыр. Әсіресе, ауылдағы ағайынның кәсіп ашып, қызмет қылуы үшін жеңілдетілген несиелер беру, оларды сұранысқа сай мамандықтарға оқыту жұмыстары жыл сайын жанданып келеді. Елбасы бұл істі одан әрі ілгерілетіп, «Жас маман» деген жоба аясында бірізділендіруді тапсырды. Әрі ауыл азаматтарының жаңа мамандық игеріп, ауылдық жерде тұрақтауына көңіл бөлу керектігі айтылды. Енді «аспаннан киіз жауса да, жалқау ұлтараққа жарымайды» деген сөзге қалғанымыз жарамайды. Ізденіс қажет-ақ. Арманды ақиқатқа айналдыру үшін тынымсыз еңбек етуіміз керек. Кәсіптің қисынын табу маңызды. Көп ұзамай, табиғатпен тілдесіп, туризмнің тамырына қан жүгіртетін ауыл азаматтары да көбейеді деп ойлаймын.

Жас мамандарды ауылға тарту мақсатында қолға алынған «Дипломмен ауылға» бағдарламасының қатысушылары үшін бір жолғы көтерме жәрдемақы көлемі 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылатын болды. Бұл өзі бір жақсы жоба. Тұрғын үйге мұқтаж талай жас өзі өмірде аяқ баспаған ауылдарға барып, мемлекет қамқорлығына кенеліп, үйлі болып жатыр. Студенттердің жағдайы мемлекет басшысының ұдайы назарында. 5 әлеуметтік бастамасының біреуін студенттерге арнап, оларды жатақханамен қамтуға зор көңіл бөлді. Біздің аймақта да бұл бағытта ілкімді істер бар. Ұрпақтың алаңсыз білім алуы үшін қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Ірілі-ұсақты іс-шаралардың басы-қасында жүретін ерікті жастардың еңбегін Елбасы ерекше атап өтті. Волонтер студенттерге шәкіртақыны 30 пайызға өсіру туралы айтқаны жастық жігерін жақсы істерге жұмсап жүрген белсенді студенттерге жаңаша серпіліс бергені анық.

Қазір елімізде жоғарыда мысалға алған Абзал сияқты өнертапқыштар көбейіп келеді. Оларды мемлекет алақанында ұстау керек. Тың идеяларын, пайдалы ойларын шет ел аспай-ақ орындай алатын мүмкіндік берілуі қажет. Бұдан былай жас ғалымдардың қолданбалы ғылыми зерттеу жұмыстарын қаржыландыру үшін жыл сайын 3 млрд теңгенің бөлінуі – осы бағытқа бастайтын құтты қадам деп түсінемін.

Бәрі ғалым болу міндетті емес. Ізденген адамға қазір кәсіптің түрі көп. Бизнестің қыр-сырын биліктің қолдауымен арнайы ұйымдар да үйретіп жүр. Бүгін мемлекет басшысы жас кәсіпкерлерді тағы бір қуантты. Оларға берілетін грант мөлшерін екі есе ұлғайтуды тапсырды. «Стартап жобаларды қолдау орталығын» құру қажеттігін айтып, оған 32 млрд теңге бөлуді бұйырды. Қысқаша қайырғанда, төңірекке тартымды жақсы жобаң болса, оны жүзеге асыруға дәрменді екеніңді дәлелдесең, қаражаттан қысылмауға болады.

Жас буын өкілдеріне алдағы уақытта да қамқорлық кемімейтінін айтқан Президентіміз ұрпақ тәрбиесі туралы да ой-толғамдарын ортаға салды. Әке-шешеге құрмет, ерлі-зайыптылардың өзара сыйластығы сияқты адам бойындағы ізгі қасиеттерді сөз етті. Шындығына келгенде, біз, жастар – ата-ананың арын асқақтататын да, зарын қақсатататын да өзіміз. Бүгін жастар форумында сөз алған замандастарымыз жарқырап шығып, Ұлы дала елінің өркендеуіне өз үлесімді қоссам екен деп тырысып-ақ жатыр.

Жастар жылының ресми ашылуында шынайылық басым болғанына қуандым. Ұлт көшбасшысы біздерді, жастарды толғандырған барлық мәселені бүкпесіз айтып, реттеп түйінін тарқатты. Баянды болғай дейміз. Жастар жылы жемісті болсын! Тарихты тұлпарларының тұяғымен жазған бабаларымыздың Ұлы аманатына адалдық танытып, Ұлы дала елін дамыту жолында әрқайсымыз аянбай тер төгейік!

 

Біржан КУХАЕВ,

тележүргізуші