Цвет сайта

A

a

Ереже

«Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының

 «Өңірлік коммуникациялар қызметі»

коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы

ереже

 

1. Жалпы ережелер

1.   «Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі  (бұдан әрі - Мекеме) заңды тұлға мәртебесіне ие, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Батыс Қазақстан облысында мемлекеттік ақпараттық-имидждік саясатты жүзеге асыру мақсатында құқықтық-ұйымдастыру нысанында құрылған  коммерциялық емес мекеме болып табылады.

2.   Мемлекеттік мекеменің түрі - коммуналдық.

3.   Мекеме өз қызметі барысында Қазақстан Республикасының Заңдарын, Президенті актілерін, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Премьер-Министрдің актілерін және өзге де нормативтік құқықтық актілерді және осы Ережені басшылыққа алады.

4.   Мекеменің құрылтайшысы Батыс Қазақстан облысының әкімдігі (бұдан әрі - Құрылтайшы) болып табылады. Құрылтайшының құжаты осы Ереже және оны әзірлеу туралы акті болып саналады.

5.   Мекеменің Уәкілетті органы «Батыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасы» мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Уәкілетті орган).

6.   Мекемеге қатысты коммуналдық меншік құқығы субъектісінің міндеттерін Батыс Қазақстан облысының әкімдігі жүзеге асырады.

7.   Мекеме жергілікті бюджеттен қаржыландырылады, қаржылық шығындардың жылдық жоспары бар, Уәкілетті орган басшысының бұйрығымен штаттық кестесі (11 адамнан кем емес) бекітіледі, заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады.

8.   Мекеменің толық атауы:

1)   қазақ тілінде: «Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының «Өңірлік коммуникациялар қызметі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

2) орыс тілінде: Коммунальное государственное учреждение «Региональная служба коммуникаций» Управления внутренней политики Западно-Казахстанской области».

9. Мекеменің қысқартылған атауы:

1)   қазақ тілінде: «БҚО ІСБ «ӨКҚ» КММ;

2)   орыс тілінде: КГУ  «РСК» УВП ЗКО».

10. Мекеменің заңды мекенжайы: Қазақстан Республикасы, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы, _____ көшесі,     ______ ,   _______________ , 090000 индексі.

11. Мекеменің Уәкілетті органмен, Мекеменің әкімшілігімен және оның еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынас Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес реттеледі.

 

2. Мекеменің заңды мәртебесі

12. Мекеме  мемлекеттік тіркелімнен өткен сәттен бастап заңды тұлға құқығына ие болады және құрылды деп есептеледі.

13. Мекеменің  өз баланстары,  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес банктерде шоттары, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гербі бейнеленген және Мекеменің атауы жазылған бланкілері мен мөрлері болады.

14. Мекеменің  өзге заңды тұлғаны құруға, оның (қатысушысы) құрылтайшысы  болуға құқығы жоқ.

15. Мекеме өз міндеттері бойынша өзінің иелігіндегі қаражатпен жауап береді. Мекемеде қаражат жеткіліксіз болған жағдайда, әкімдіктің қарауына сәйкес оның міндеттемелері бойынша субсидиарлық жауапкершілік әкімшілік-аумақтық бірлікке (тиісті бюджеттің құралдарымен) жүктеледі.

16. Мекеменің азаматтық-құқықтық мәмілелері Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық  қазынашылық бөлімшелерінде міндетті тіркелімнен өткен сәттен бастап заңды күшіне енеді. 

 

3. Мекеме қызметінің мәні мен міндеттері, мақсаттары

17. Мекеме қызметінің негізгі мәні өңірлік деңгейде Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ мемлекеттік ақпараттық саясатты ілгерілету бойынша қызметін қамтамасыз ету үшін жағдай жасау болып табылады.

18. Мекеме қызметінің мақсаты жергілікті атқарушы органдардың ақпараттық жұмыстарын ықпалдастырудың тиімді механизмін құру, БАҚ пен жергілікті атқарушы  органдардың өзара тиімді  іс-қимыл етуіне қолайлы жағдай жасау болып табылады.  

19. Мекеменің негізгі міндеттері:

1)   өңірде ақпараттық күн тәртібін жоспарлау мен келісу бойынша ұсыныстарды әзірлеу;

2)   Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне есеп беретін және бағынысты жергілікті атқарушы органдар үшін ақпараттық хабарламаларды және медиа-сценарийлерді әзірлеу;

3)   өңірлік брифингтерді, баспасөз мәслихаттарын өткізу және ұйымдастыру;

4)   өңірлік БАҚ-та және әкімдіктің аккаунттарына ақпараттық хабарламаларды уақтылы орналастыру;

5)   маңызды іс-шараларды ақпараттық қолдауды қамтамасыз ету;

6)   негізгі тақырыптық бағыттар бойынша талдамалық және ақпараттық материалдарды әзірлеу;

7)   өңірде маңызды және әлеуметтік маңызы бар ақпараттық себептер бойынша БАҚ-қа ресми ақпаратты ұсыну және әзірлеу;

8)   БАҚ-та жариялау үшін ақпараттық материалдарды әзірлеу;

9)   әлеуметтік медиа жұмыстарын ұйымдастыру.

20.  Мекеме өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес келесідей функцияларды жүзеге асырады:

1)  Бірыңғай республикалық кесте негізінде ақпараттық жұмыстардың кешенді, ұзақ мерзімді және ағымдағы медиа-жоспарларын әзірлеу;

2)  әртүрлі сала бойынша ақпараттық деректер қорын жинақтай отырып, өңірде  ақпараттық алаңның ағымдағы жағдайына талдау жасау; 

3) тұрақты шолуларды,  анықтамаларды және есептерді жасай отырып, келіп түскен ақпараттарды талдау, оларды уақтылы ұсыну;

4) жиналған материалдардың негізінде ақпараттық алаңды дамытудың талдамалық және болжамдық құжаттарын, сценарийлік жоспарын даярлау;

5) апта сайынғы, ай сайынғы және жылдық кезеңдерге мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдар үшін ұсынымдарды әзірлеу;

6) жергілікті атқарушы органдар үшін әртүрлі ақпараттық оқиғалар бойынша ақпараттық-анықтамалық материалдарды (топиктерді) даярлау;

7) жергілікті атқарушы органдар үшін қысқа мерзімді, орта мерзімді және ұзақ мерзімді кезеңдерге ақпараттық іс-шаралардың оқиғалық қатарын даярлау. Іс-шаралар атауы, нысаны, шараны өткізу күні мен орны, тезистер мен акценттер, спикерлер (қай тілде сөйлейтіні есебімен) көрсетілген іс-шаралардың бірыңғай кестесі;

8) өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары үшін ақпараттық-талдамалық материалдарды даярлау;

9) жергілікті атқарушы органдар үшін әдістемелік ұсынымдар мен материалдарды даярлау;

10) Интернет-ресурстарда мемлекеттік ақпараттық саясат материалдарын сүйемелдеу;

11) бұқаралық ақпарат құралдары үшін тренингтер өткізуу;

12) өз құзыреті шеңберінде жергілікті атқарушы органдармен, соның ішінде арнайы, құқық қорғау органдарымен, мемлекеттік емес ұйымдармен хат алмасуды жүргізу, сұрау салуды жүзеге асыру.

21. Мекеме өз құзыреті шеңберінде жүктелген функциялар мен негізгі міндеттерді жүзеге асыру үшін:

1) дағдарыс жағдайы кезінде әкімдіктің келісімі бойынша тек «бір терезе» режимінде БАҚ-қа ақпарат ұсынуды ұйымдастыруға;

2) Мекеме базасында, олардың құрамына жергілікті атқарушы органдардың, индустрия мен бизнестің зәкірлік нысандарының баспасөз-хатшыларын, сондай-ақ өзге де мүдделі құрылымдар мен ішкі саясат басқармасы басшылығын енгізе отырып, медиалық саясат бойынша өңірлік жұмыс топтарын құруға;

3) жергілікті мерзімді баспа басылымдарының, электронды басылымдардың, интернет БАҚ-тың  өңірлік бас редакторлары клубын құруға бастамашы болуға;

4) Мекеме басшысының облыс әкімдігінің кеңестеріне, жедел отырыстарына қатысуына;

5) өзінің функционалдық міндеттерін орындау шеңберінде облыстың барлық мемлекеттік мекемелеріне кіруге мүмкіндік алуына құқылы.

22. Мекеме басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға міндетті және Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының сақталуына дербес жауапты болады.

23. Мекеменің осы Ережеде бекітілмеген кез-келген әрекеттерді және келісімдерді, өз құзыретіне жатпайтын қызметтерді жүзеге асыруға құқығы жоқ.

24. Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін қызметтерді жүзеге асыра алады.

 

4. Мекемені басқару

25. Мекемені жалпы басқаруды Орталық коммуникациялар қызметінің әдістемелік қолдауымен Уәкілетті орган жүзеге асырады.

26. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен келесі міндеттерді жүзеге асырады:

1) Мекеменің мүлкін бекіту кезінде мемлекеттік мүлік  бойынша Уәкілетті органға ұсыныстар енгізеді;

2) Мекемені қаржыландырудың жеке жоспарын бекітеді;

3) Мекеме мүлкінің сақталуына бақылау жасайды;

4) Мекеменің құрылымын, құрылу тәртібін, Мекемені басқару органының өкілеттілік мерзімін, Мекеме шешімдерін қабылдау тәртібін айқындайды;

5) Мекеме басшысының құқықтары мен міндеттерін, жауапкершіліктерін, қызметтен босату негіздерін белгілейді;

6) Мекеменің шекті штаттық бірлігін және құрылымын бекітеді;

7) Мекеме басшысының ұсынысы бойынша оның орынбасарларын қызметке тағайындауға және қызметтен босатуға келісім береді;

8) жылдық қаржылық есепті бекітеді;

9) Мекемеге берілген немесе өзіндік шаруашылық қызметтің нәтижесінде сатып алынған мүлікті алып қою немесе қайта бөлу жөнінде  мемлекеттік мүлік бойынша Уәкілетті органға келісім береді;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасында қарастырылған өзге де функцияларды жүзеге асырады.

27. Мекеме басшысы Уәкілетті органның шешімімен қызметке тағайындалады және қызметінен босатылады.

1) Мекеме басшысы Мекеменің жұмысын басқарады және ұйымдастырады, Уәкілетті органға тікелей бағынады (Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда) және Мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

2) Мекеме басшысы дара басшылық қағидаты бойынша іс-әрекет етеді және осы Ереже мен Қазақстан Республикасының заңнамаларында белгіленген құзыретіне сәйкес Мекеме қызметінің мәселелерін дербес шешеді. 

28. Мекеме басшысы қызметті жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

1) Мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

2) жергілікті атқарушы органдарда, өзге де ұйымдарда Мекеменің мүддесін білдіреді;

3) келісімшарттар жасайды;

4) сенімхаттар береді;

5) қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орындарында оқыту, іссапарларға жіберу, қызметкерлердің біліктілігін арттырудың өзге де түрлерінің жоспарларын және тәртібін бекітеді;

6) Мекеменің банктік шоттарын ашады;

7) барлық қызметкерлерге міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Мекеме қызметкерлеріне тәртіптік жаза қолданады және көтермелеу жөнінде шаралар қабылдайды;

9)  Қазақстан Республикасының заңнамасына және осы Ережеге  сәйкес өзге де міндеттерді жүзеге асырады.

5. Мекеме мүліктерін қалыптастыру тәртібі

29. Мекеменің мүлкі оның балансында құны көрсетілетін заңды тұлғаның активтерінен құралады.

30. Мекеме мүлкі:

1) меншік иесімен тапсырылған мүліктер;

2) өз қызметінің нәтижесінде сатып алынған мүліктер (ақшалай кірістерді қоса);

3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптасады.

31. Мекеме өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүліктерді өз бетімен иеліктен шығаруға немесе өзгедей тәсілдермен билік етуге құқылы емес.

32. Мекеменің қызметі облыстық бюджеттен қаржыландырылады.

33. Мекеме бухгалтерлік есепті жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілік ұсынады.

34. Мекеменің қаржы-шаруашылық қызметін тексеру Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен Уәкілетті органмен жүргізіледі.

6. Мекеменің жұмыс кестесі

35. Мекеменің жұмыс кестесі ішкі еңбек ережелерімен реттеледі және Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

7.  Құрылтайшы құжаттарына толықтырулар мен өзгертулер енгізу тәртібі

36. Мекеменің құрылтайшы құжаттарына толықтырулар мен өзгертулер енгізуді құрылтайшы жүргізеді.

37. Мекеменің құрылтайшы құжаттарына енгізілген толықтырулар мен өзгертулер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркеледі

8. Мекемені қайта құру және тарату шарттары

38. Мекемені қайта құру және тарату құрылтайшының шешімімен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізіледі.